$ 443.85  474.3  4.8

Петропавлды Ресейге қосуды сұраған әйел сотталды

Сот отырысы кезінде Татьяна өз кінәсін ішінара мойындады.
Фото: Sputnik / Владислав Воднев
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Петропавлдың тұрғыны қаланы Ресейге қосуды сұрағаны жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сот материалдарына сәйкес, 40 жастағы әйел балабақша аспазшы болып жұмыс істеген. Кәмелет жасқа толмаған қызы бар. Ал күйеуі - I топтағы мүгедек.

2021 жылы қыркүйек айында Татьяна әпкесімен кездескен. Екеуі адамдармен танысамыз деп, "Рулетка" видеочатына кіреді. Байланысқа шыққан ер адам сауалнамаға қатысуға ұсыныс жасайды.

"Әлемдегі президенттердің ішінен қайсысын өз президенті ретінде көргіңіз келеді?" деген сұрақтарды қояды. Одан кейін өзі Ресейден екенін айтады. Сол кезде Татьяна күліп: "Біздің Петропавлды өзіңізге алып кетіңізші", - деп шығады.

"Сауалнаманы" жүргізген ер адам видеоны желіде жариялап жіберді.

2023 жылы қаңтар айында аңдамай сөйлеген әйелге қатысты Қылмыстық кодекстің 180-бабы, 2-бөлігі (Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуды не мемлекетті ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал 30 мамырда Петропавл қалалық соты өз үкімін шығарды.

Сот отырысы кезінде Татьяна өз кінәсін ішінара мойындады. Алайда оған тағылған айып толығымен дәлелденді. Прокурор оны алты жылға бас бостандығынан айырып, қауіпсіздік деңгейі орташа мекемеге жіберуді сұраған. Судья үйде кәмелет жасқа толмаған бала мен I топтағы мүгедектің бар екенін ескерді.

Сот шешіміне сәйкес, заңды бұзған әйел үш жылға бас бостандығынан айырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары