08.06.2023, 15:00

Қостанайда 39 жастағы тұрғын колледж студенттерін жезөкшелікпен айналысуға тартқан

5 миллион теңгеден астам қаражат және 8 мың ресей рублі тәркіленді.

Қостанайда тұрғын колледж студенттерін жұмысқа орналастырамын деп, кейін оларды жезөкшелікпен айналысуға үгіттеген, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Дерекке сүйенсек, полиция дәл осы қылмыс схемасын ашып, жеңгетайды ұстаған. Ол 39 жастағы тұрғын болып шықты. Әрі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ұзақ уақыт бойы ісін жүзеге асырып келген.

“Алдымен ол массаж шебері ретінде жұмысқа орналасу туралы сұхбат жүргізіп, кейін ол қыздарға ақшалай сыйақы үшін интимдік қызмет көрсетумен айналысатындарын айтқан. Қыздарды ол жеке күзетпен, әртүрлі жалдамалы пәтерлерде клиенттерді таңдаумен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ жеңгетай қысқа мерзімде жақсы табыс табуға уәде берген. Аталған бизнесті ұйымдастырушы жезөкшелікпен айналысуға 10-нан астам қызды тартқаны белгілі болды. Полицейлер қылмыс жасау тетігін және қылмыстың барлық қатысушыларын толық анықтады”, – деді Қостанай облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Серік Байғонов.

Осылайша жалдамалы пәтерлер мен тұрғылықты жерлерге тінту жүргізу барысында жеке заттар, телефондар мен 5 миллион теңгеден астам қаражат және 8 мың ресей рублі тәркіленді. Аталған дерекке қатысты қылмыстық кодекстің 308-бабы (Жезөкшелікпен айналысуға тарту) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.