Жамбыл облысында сібір жарасы анықталған Талас ауданындағы Тамды ауылы 15 күндік карантинге жабылды. Ауылға төрт-түлікті кіргізіп, шығаруға, ет пен сүт өнімдерін тасымалдауға қатаң тыйым салынған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сібір жарасы анықталған ауылдағы үш үйдің 35 адамы тексерілген. Бүгінде вирус жұқтырған 50, 55 және 59 жастағы азамат аудандық ауруханада жатыр. Олар ауруды сиыр сою кезінде жұқтырған. Дәрігерлер науқастардың 14 маусымға дейін ауруханада ем қабылдайтынын айтады.
Қазір ветеринарлар вирустың ірі қара малға қалай жұққанын анықтауда. Ал сойылған сиыр етін арнайы өлексе өртейтін темір пеште жойған. Мал сойған аула толық залалсыздандырылған. Ауру ошағы анықталған үйлерден барлығы 21 сынама алынған.
Сондай-ақ сібір жарасы Жуалы ауданы, Көлтоған ауылының 46 жастағы тұрғынынан да анықталған. Бүгінде науқастың жағдайы жақсарғандықтан үйіне жіберілген. Алайда оның жұқпаны қалай жұқтырғаны белгісіз.
"Тамды ауылының тұрғындары бұқа сүзіп, жарақат алған сиырды сойып алған. Соның етінен жұғып отыр. Бұл бір ғана ауылдың төңірегінде болып отырған оқиға. Даурығатындай ештеңе жоқ. Біздің өңірде 100 жылдан бері сақталып келе жатқан 189 сібір жарасының ошағы бар. Олардың бәрі тұрақты, күнделікті қадағалануда. Жылына 2 рет сынамалар алынып, зертханаға өткізіледі", - дейді Жамбыл облыстық облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.
Ауылға төрт-түлікті кіргізіп, шығаруға қатаң тиым салынған. Айта кетейік, бүгінде Тамды ауылдық округінде 1 806 бас мүйізді ірі қара, 29 053 бас уақ мал, 887 бас жылқы тіркелген. Авторы: Ұлдана Жұбай