Прокурор Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға соттауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Осы баптар бойынша мүлкін тәркілемей, мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық Банкінде, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынамын", - деді прокурор.
Бұрынғы шенеунікке ҚР ҚК 28-бабының 3-бөлігі (Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылардың түрлері) және 189-бабы 2-тармағының 4-бөлігі (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша айып тағылады.
Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы жазаны өтеу мерзімінде қамауда ұстау уақытын есепке алуды және Мұхамедиұлынан жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 АЕК (2020 жылғы стандарттар бойынша) өндіріп алуды ұсынды.
"Қамауға алудың бір күнін орташа қауіпсіздік мекемесінде бір жарым күн ретінде санау керек", - деді прокурор.
Сонымен қатар, прокурор президентке сотталушыдан "ҚР Еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағынан, "Құрмет" орденінен, сондай-ақ "Парасат"орденінен айыру туралы ұсыныс енгізу қажет деп есептейді.
Айта кетейік, сотталушылар орындығында тағы үш адам — Алмаз Нұразхан (Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары), Азамат Көшенов (EXPONAT ЖШС директоры) және Айым Сәдуақасова (EXPONAT ЖШС бухгалтері) бар. Мемлекеттік айыптаушы оларды 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушылардың ешқайсысы кінәсін мойындаған жоқ.