13.06.2023, 21:30

Тоқаев Димаш Құдайбергеннің атасының қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.

Мемлекет басшысы танымал әнші, өнер қайраткері Димаш Құдайбергеннің атасы – Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты Айтбаевтар әулетіне көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.

"Әулеттеріңіздің ардақтысы, елге танымал, халық сыйлаған абыройлы ақсақал Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Құдайберген Айтбайұлы ауыл шаруашылығы саласында көп жыл қажырлы қызмет етіп, еңбек ардагері атанды. Адамгершілік асыл қасиеттерімен өз ортасына сыйлы, ағайын-туысқа қадірлі жан болды. Ұлағатты ұрпақ өсіріп, дарынды ұл-қыздарды тәрбиелей білді. Айнала төңірегіне мейірім шуағын шаша білген Құдайберген Айтбайұлының жарқын бейнесі оны білетіндердің жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – деп жазылған жеделхатта.