Отандық әнші Нұрлан Еспанов әлі күнге атақсыз жүруінің себебін айтты. "Ұйқым келмейді" бағдарламасына келген композитор осы уақытқа дейін бірнеше рет құжат тапсырса да, өзіне "еңбек сіңірген мәдениет қайраткері" атағының бұйырмай жүргенін баяндап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бағдарлама жүргізушісі Нұрсұлтан Құрманов "Сізге жылда мемлекеттік сыйлық уәде етеді. Бірақ жыл соңында сізді тізімнен көрмейміз. Сіз өкпелейсіз, ренжисіз. Сіз өкпелеуді қойдым дедіңіз. Содан бері қарасам, бірнеше министр ауысты", - деп сұрады Нұрлан Еспановтан. Ал Нұрлан Еспанов бұл атақты қалай сұрау керектігін білмейтінін айтты. "Негізі мен емес, олар ұялу керек-ау деп ойлаймын. Мен кішкентай балаларға арналған "Қошқар мен теке", "Қанатты барыс", "Күшігім", "Әліппе" әндер жазып шықтым. Балалармен де, үлкендермен де жұмыс істедім. Мен оны қалай сұрау керектігін білмеймін. Енді үкімет басында отырған азаматтардың құлағына алтын сырға: Мен осы атақты алу үшін не істеуім керек деп ойланамын.
Кей кезде мені "Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері" деп таныстырады. Мен жайлап шақырып алып, "Мен еңбек сіңірген жоқпын. Олай айтпа" деймін. Кей кезде ұяламын. Білмеймін, мен ұялуым керек пе, әлде олар ма? Бірақ мен құжат толтырып, маған атақ беріңіздерші деп енді бармайтын шығармын. Өздері берсе аламын.
Егер мен ол атақты алмасам, еңбек сіңірмегенім бе? Барлық министрдің алдынан өтіп көрген болатынмын. "Құжат тапсыр" дедім, тапсырдым. Бірақ енді қалып қойып жатырмын ғой. Мүмкін, тұзым жеңіл шығар", - деді Нұрлан Еспанов.