Мезгілінен ерте піскен жемісті жеу қашан да қауіпті. Қазір базарлар мен дүкен сөрелерінде қарбыз қаптап кетті. Сол себепті Massaget.kz тілшісі "Ұлттық сараптама орталығының" Алматыдағы бөлімшесіне барып, қарбызға сараптама жүргізіп көрді.
Мамандардың сөзінше, қарбыздан тарайтын ауру жылда кездеседі. Әсіресе, наурыз, сәуірде піскен қарбыздар адам ағзасына өте қауіпті.
Жылыжайда өскеннің өзінде түрлі тыңайтқыштарды пайдаланылады. Мәселен, селитра секілді тыңайтқыштардың құрамында адам ағзасына зиян нитраттар бар.
"Қарбыздың құрамындағы нитрат мөлшерін арнайы "экспресс нитратомер" құрылғысымен өлшейміз. Бұл құрылғы арқылы нәтижені бірден білуге болады. Әдетте бұл жемістің құрамындағы нитрат мөлшері 60 мг/кг аспауы керек", - дейді зертхана меңгерушісі Гүлнар Сақтапбергенова.
Біз эксперимент жүргізген қарбыздағы нитрат 39мг/кг көрсетті. Демек, мамандардың айтуынша, адам ағзасына қауіпсіз. Десек те шілдеге дейін піскен жемістерді жеуге болмайтынын жеткізді. Себебі қарбыздың қауіпті немесе қауіпсіз болуы өсіру әдісіне де байланысты екен. Әдетте бағбандар тыңайтқыштарды шамадан тыс пайдаланған кезде азот қышқылы да артып кететін көрінеді.
Өкініштісі, үй жағдайында қарбыздың құрамындағы нитрат мөлшерін анықтау мүмкін емес. Мамандардың сөзінше, кішкентай балаларға қарбызды көп беруге болмайды. Себебі азот қышқылы адам ағзасында көбейер болса, одан туындайтын ауруда артады екен.
"Егер адам құрамында нитрат мөлшері шамадан тыс асып кеткен жемісті жейтін болса, ағзада нитратпен интоксикация болады. Салдарынан іш ауруы, құсу, диарея секілді аурулар пайда болып, ақыр соңында адам уланып қалуы әбден мүмкін", - дейді маман.
Алайда адам ағзасында туындайтын он аурудың тоғызы гигиеналық тазалықты сақтамаудан екен. Қарбызды жер кезде міндетті түрде сыртын жақсылап жуып, тілетін пышақты да таза ұстау маңызды. Себебі тазалық - саулық кепілі!
Әр нәрсенің өз уақытында піскені жақсы, әрине. Бірақ мұның арғы жағында үлкен бизнес жатқаны жасырын емес. Нарыққа қарбызды кім бірінші шығарса, сәйкесінше сол адамның қалтасы қалыңдайтыны ақиқат. Алайда көрсеқызарлықты қойып, қарбызды мезгілінде жеген абзал. Сақтансаң сақтаймын деген...