Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "авторы Жүсіпбек Аймауытұлы" деп көрсетілген шығарманың табылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын жалғастырып жатыр. Соның аясында көптеген архив материалдары зерттелуде.
"Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр. Жақында сол құжаттардың ішінен "авторы Жүсіпбек Аймауытұлы" деп көрсетілген шығарма табылды. Мұны екі дерек көзі растап отыр. Өлеңмен жазылған туындыны сол кезде тәркіленген Алаш зиялылары еңбектерінің бір бөлігі деуге негіз бар. Онда ұлттың жаны ешқашан өлмейтіні жырланған", - деді Тоқаев ұлттық құрылтайдың бүгінгі отырысында.
Президент төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажеттігін де жеткізді. Ал ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы болуы шарт.
Тоқаевтың айтуынша, ономастика ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек.
"Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс", - деп атап көрсеті Тоқаев.