Астана қаласының прокуратурасы елордадағы адамдарды кепілге алу оқиғасына қатысты түсініктеме берді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
18 маусымда "Kaspi банк" АҚ астаналық филиалында полиция кепілге алынған 7 адам босатылған.
“14.00 шамасында бұрын бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылған 1993 ж.т. Жамбыл облысының тумасы А. Мурадов (2013 жылдан есірткіге тәуелді адамдар есебінде тұр) Достық, 12 көшесінде орналасқан "Kaspi bank" АҚ бөлімшесін басып алған.
Оқиға орнына Ішкі істер министрі, Астана қаласының Әкімі, Бас Прокурордың бірінші орынбасары және басқа да мүдделі қызметтер келді”, – делінген Астана қалалық прокуратураның мәлімдемесінде.
Жапсарлас тұрған барлық үйлерден тұрғындар дереу шығарылғаны айтылады.
“Жүргізілген арнайы операция нәтижесінде кепілге алынған барлық адам босатылды, қылмыскер зиянсыздандырылып, тергеу изоляторына қамалды. Операция барысында бірде бір кепілге алынған адам зардап шеккен жоқ. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 261-бабы 2-бөлігінің 4 және 8-тармақтарымен (Адамды кепілге алу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу амалдары жүргізілуде”, – деп қосты прокуратура.
Еске салайық, қарулы адам Астанадағы банктердің бірінің филиалына келушілерді басып алған. Ішінде жеті қыз бен бір күзетші бар екені хабарланды. Оқиға орнына арнайы жасақ келді. Kaspi банкінің баспасөз қызметі тек банк қызметкерлері ғана кепілге алынғанын хабарлады.
Кейін ішкі істер министрлігі Астанада қарулы азамат кепілге алған азаматтардың барлығы босатылғанын мәлімдеді. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Kaspi банк филиалын басып алу оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.