Мәжілістің аграрлық мәселелер комитеті премьер-министрге ауыл шаруашылығы басшылығын жауапкершілікке тарту туралы ресми хат жолдады. Оған субсидиялау саласындағы жүйелі проблемалар себеп болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутат, комитет төрағасы Серік Егізбаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігінің басты міндеттерінің бірі – субсидиялау арқылы агроөнеркәсіп кешенінің дамуын реттеу, бірақ мұнда да барлығы ойдағыдай болмай тұр.
"Фермерлерге несие беру шарттарын, оның ішінде кепілмен қамтамасыз ету талаптарын түбегейлі қайта қарау қажет. "Ойын ережесі" үнемі өзгереді. Қазіргі басшылық құрамның 2021 жылғы қыркүйектен бүгінгі күнге дейінгі қызметі аралығында ғана субсидия беруге қатысты бұйрықтар 20 реттен көп өзгертілген! Субсидия беру жөніндегі мемлекеттік саясат әрбір жарты жыл сайын өзгеретін болса, фермерлер өз жұмысын қалай жоспарлауы керек?", - деп ашынды Егізбаев мәжілістегі үкімет сағатында.
Депутаттің пікірінше, министрлік субсидия берудің тұрақты және түсінікті ережелерін белгілеп, оны кемінде 5 жылға дейін өзгертпеуі қажет.
"Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуіне қатысты мәселелер бірнеше рет, оның ішінде парламент қабырғасында да көтерілді. Алайда проблема әлі күнге дейін шешілген жоқ, соңғы жарты жыл ішінде ауыл шаруашылығы министрлігі осы ақпараттық жүйенің дайын екені туралы 11 рет, оның ішінде мәжілістің жаңадан сайланған депутаттарына да бірнеше рет сендіріп айтты", - дейді мәжілісмен.
Егізбаевтың айтуынша, осы саладағы аса қиын жағдайға байланысты Мәжілістің аграрлық мәселелер комитеті премьер-министрге ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығын жауапкершілікке тарту туралы ресми хат жолдауға мәжбүр болған.