$ 439.43  473.31  4.82

«Айымбетовтің маған ашулы болғанын қаладым» - Қазақстан құрамасының бас бапкері

Әдиев шабуылшы Айымбетовпен матч алдында сөйлескенін айтты.
Фото: Stan.kz
Фото: Stan.kz

Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Әдиев Солтүстік Ирландия құрамасына қарсы ойындағы жеңіс жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Белфасттағы кездесу 1:0 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды. Жалғыз голды Абат Айымбетов соқты.

Әдиев бұл ойынның өзі күткендей қиын болғанын айтады. Сөзінше, матчтың басында алаң иелері қысым көрсеткендіктен қазақстандық құраманың шабуыл жасауына мүмкіндік болмаған. Ол матч алдында жігіттерге бастапқы 15 минуттың қиын әрі жауапты болатынын айтқанын жеткізді.

Әдиев екінші таймның сәтті болғанын алға тартады. Айтуынша, қарсыластың допқа талас кезінде басым түскен кездері болған, алайда Шацкий голдан құтқарып қалған бір ғана мүмкіндік болды. Бірақ кейін жаттықтырушы жоспарлы түрде ойыншыларды ауыстырып, осының арқасында нәтижеге қол жеткізген.

Әдиев шабуылшы Айымбетовпен матч алдында сөйлескенін айтты. 

“Мен оған алаңда ашулы болуын, тіпті ойынға жиі шығармайды деп маған да ашулы болғанын қалайтынымды айттым. Ол сол сәтте басын изеп, алаңға шықты да жеңісті жұлып әкетті”, – дейді бас бапкер.

Әдиев Қазақстан құрамасының ойыншыларының есейгенін баса айтады.  Атмосферадан, стадионнан, көрермендерден жеңіліп қалған сәт алыста қалды, дейді ол.

“Олардың бойында өздеріне деген сенімділік пайда болды, олар футбол өмірінде бір нәрсеге қол жеткізгісі келеді сондықтан маған оларға жол көрсету оңай. Жалпы, жігіттер жаттықтырушы ретінде маған мұқтаж емес”, –дейді Әдиев.

Бас бапкер матчтан кейін киім ауыстыратын бөлменің атмосферасы қандай болғанын да айтып өтті.

“Менде шаршау болды, ал жігіттерде – эмоция. Әдеттегідей құраманың жеңісі маңызды әрі жақсы. Біз бұл жеңістің бағасын білеміз және әрі қарай қадамымызды нықтаймыз”, – дейді ол.

Әдиев көпшілігі бұл жеңісті сенсация деп атайтынымен, команданың әрқашан жеңіске ұмтылатынын атап өтті. Ол алдағы кездесулерден не күтетінін де айтып берді.

“Біз әлі ештеңеге қол жеткізген жоқпыз, тағы бір қадам жасадық, үш ұпай алдық. Алда әлі алты матч бар. Одан не шығады? Қараша айында қорытындылаймыз. Бір нәрсеге қол жеткізе алмасақ, жанкүйерлер мені сынайды. Бірақ мен кез келген нәтижені лайықты қабылдаймын. Бұл менің бапкерлік өмірімнің бір бөлігі, егер мен жеңілсем, демек мен жолы болмайтын адаммын. Мені физрук дейтіндерге де алғыс айтамын.

Төрт турдың қорытындысы бойынша ұлттық құрама тоғыз ұпай жинады. Солтүстік Ирландияның үш ұпайы бар. Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 7 қыркүйек күні өз алаңында тағы бір топ көшбасшысы, тоғыз ұпай жинаған Финляндия құрамасымен өткізеді”, – дейді Магомед Әдиев.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары