ArtSport бағдарламасы аясында балаларға бұрын жезөкшелікпен айналысқан адамдар сабақ берген. Бұл туралы Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Еліміздің алты өңірінде ArtSport бағдарламасы бойынша притон ұйымдастырғаны үшін сотталған адамдар жұмыс істеген. Еліміз бойынша осы секілді 20 дерек тіркелді. Бұрынғы жезөкшелер мен сутенерлер қалайша балалармен жұмыс істеген? Мемлекеттік органдар қайда қараған? Осы жайттан кейін балалармен психологтар жұмыс істеді ме? Балаларға оларды бұрынғы қылмыскерлер жаттықтырғанын қалай түсіндіреміз?» - деді депутат.
Сәрсенғалиевтің сауалына жауап берген Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің аға прокуроры Дулат Әшірбеков еліміз бойынша ұйғарымдармен 38 акт шығарылғанын айтты.
«Мәдениет және спорт министрінің орынбасары өз еркімен жұмыстан шықты. Сонымен қатар аталған фактілер бойынша комитет басшысы жұмыстан босатылды. Өңірлерге келсек, Алматы, Шымкент, БҚО, ШҚО, Қарағанды және Маңғыстау облысы бар. Алматы мен Шымкентте олар қазір жұмыс істемейді, ал басқа өңірлер бойынша нақтылайтын боламыз», - деді Д. Әшірбеков.