Осыдан бір аптадан астам уақыт бұрын із-түссіз жоғалып кеткен отставкадағы подполковниктің мәйіті табылды. 41 жастағы Байжомарт Жиеналин Ақтөбедегі гараждардың бірінде асылып қалған деп жазады Tengrinews.kz.
Ақтөбе облыстық ІІД мамандарының хабарлауынша, Жиеналинді іздеу үшін құқық қорғау органдарының ондаған қызметкері жұмылдырылған. Оның өлі денесі қаңтар айының соңғы күні табылыпты.
"Гараждар арасынан таптық, ол өздігімен барған болуы мүмкін. Асылып қалыпты. Өзіне қол жұмсаған деген болжам айтылуда, науқас еді. Полицейлер қазір мән-жайды анықтап жатыр. Бұл жағдай оның туыстары үшін ауыр соққы болды. Ол керемет жан еді. Біз соңғы сәтке дейін Байжомарттың аман табылатынына сендік", - дейді марқұмның ағасы.
Айта кетейік, отставкадағы подполковник, әскери дәрігер Байжомарт Жиеналин 20 қаңтар күні жоғалып кеткен болатын. Отбасындағыларға ол далаға шығып келемін деп кеткен екен. Туыстарының айтуынша, ол жүйке жүйесі ауруымен ауырған.