26.06.2023, 10:00

Петропавлда 70 жастағы зейнеткер ауласын көне еуропаға айналдырды

Он саусағынан өнер тамған шебер кезекті туындысын жасауға кірісіп жатыр.

Петропавл қаласының тұрғыны тастан ғажайып сарай салады. Анвар Файзулин өзі тұратын жардың жиегіне биік қамал тұрғызып, ауласын көне Еуропаға айналдырды.

Анвар Файзуллин тура жардың жиегінде тұрады. Тік еңістен жыл сайын топырақ құлап, үйдің алды күл – қоқысқа толатын. Сондықтан зейнеткер баурайына тастан сарай салып, берік бекініс жасады. Енді бұл жер көне Еуропаға ұқсайды, деп хабарлады Хабар 24.

"Өзіме да, адамдарға да ұнайды. Жардың жиегінде отырып күннің шыққаны мен батқанын көру тіпті ғажап. Бұған көп ақша да кетпейді. Ынта болса болды. Бәрі қолдың ісі", - дейді қала тұрғыны Анвар Файзулин.

Шағын сарайлар қазір биік қорған болды. Шебер оларды барынша шынайы етіп салуға тырысқан. Тіпті мұнара, көпір, қақпаларына дейін айнымайды. Жардың жиегін мыңдаған таспен бекітті.

Анвар Файзулин жардың жиегін жасыл желекпен де көмкерген. Қазір бұл жерде шырша, қарағай, арша секілді қылқан жапырақты ағаштар өседі.

Он саусағынан өнер тамған шебер кезекті туындысын жасауға кірісіп жатыр.

"Бұл менің сүйікті ісім. Сондықтан уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қаламын. Бір бос орын бар. Сол жерге тағы бір мешіт салсам ба деймін. Мұнарасын тауып қойдым. Енді қасбетін сызып жасау керек", - дейді зейнеткер. Анвар Фазулин биыл 70-ке толады. Ол өмірінде өзіне зәулім сарай салмаса да қайталанбас қамал тұрғызды.