Балқаш қаласындағы белсенділер көл жағасын жаңғыртуға 4 миллиард теңге жұмсалуына қарсы шықты. Олар бюджеттің қыруар қаржысын босқа шашқанша, қаладағы тозығы жеткен су құбырларын жаңартуды талап етуде, деп хабарлайды КТК арнасы.
«Біз тәуліктеп ауыз сусыз отырамыз. Сонда бізге 4 миллиард теңгенің жобасы неге қажет? Түсінеміз, туристер үшін. Оларға қызмет көрсететін кәсіпкерлерге өте жақсы. Ал 77 мың халқы бар қала ауыз сусыз отырады екен. Шыны керек, халық әбден шаршады», - дейді Мейіргүл Күлпейісова.
Жыл басынан бері су құбырларындағы апаттың жиілеуі балқаштықтардың жүйкесін жұқартты. Ал сәуір айында тіпті қала бір асудан қағылған. Алдымен су құбыры жарылса, кейін насос станцияда апат болды. Сондықтан жағалауға миллиардтар бөлінеді дегенді естіген жұрт ашуланып отыр. Бірақ биліктегілердің уәжі басқа. Жағалау жөнделсе, туристер көбейіп, жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты жақсарады дейді. Жоба бойынша онда субұрқақтар, көпірлер және көлге шығатын арнайы орындар пайда болады. Ал коммуналдық мәселелер де назардан тыс қалған жоқ деп отыр атқамінерлер. Су құбырлары төрт жылда кезең-кезеңімен жаңартылмақ.
«Бұл жоба Балқаш туризмінің дамуы «Жол картасына» енгізілген, сондықтан туристерді тартуға арналған. Жалпы алғанда жобаны өте қымбат деп айта алмаймын. Ал су құбырларын жаңарту өткен жылы басталды. Алдағы 4 жыл ішінде бұл жұмыстар жалғаса береді», - дейді Балқаш ТКШ бөлімінің басшысы Әнуар Сәмиев.