30.06.2023, 15:00

Қызылорда облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұсталды

Фото: instagram.com/qnet_kazakhstan
Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді.

Qnet қаржы пирамидасын Қызылорда облысы аумағында құрып, оған басшылық жасады деген күдікке ілінген ер адамға қатысты соталды тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ол 2020-2021 жылдар аралығында қаржы пирамидасын құрып, оның қызметіне 38 тұлғаны қатыстырған (зардап шеккендер), келтірілген залал көлемі - 46 миллион теңге.

Соттың санкциясына сәйкес, ол "күзетпен ұстау" түріндегі шарамен 2 ай мерзімге қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Соталды тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.