$ 439.43  473.31  4.82

«45 млн теңге пара алған»: Алматыда Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары ұсталды

Кесірінен мемлекет осы учаскелердің иелеріне шамамен 7,5 млрд теңге артық төлеген.
Фото: pixabay
Фото: pixabay

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы жер қатынастары саласында болған жүйелі жемқорлық қылмыстарын тергеп жатыр, деп хабарлайды Антикордың баспасөз қызметі.

Мәселен, мемлекет қажеттілігі үшін әкімшілік тарапынан жер учаскесін сатып алғаны үшін жеке басына 45 млн теңге сомасында пара алған қалалық Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Шенеунік сот санкциясымен қамауға алынды.

Тергеу сонымен қатар осы басқарманың лауазымды тұлғалары аффилирленген бағалаушының көмегімен жеке жер иелерінің мүддесі үшін мемлекеттік сатып алуға жататын 8 учаскенің құнын негізсіз көтергені анықталды. Кесірінен мемлекет осы учаскелердің иелеріне шамамен 7,5 млрд теңге артық төлеген. Бұл ретте бағалаушының бір объект үшін көрсетілетін қызметтерінің құны 2021 жылы орташа есеппен 68 теңгені және 2022 жылы 10 теңгені құраған.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзушылықтар Алматы қаласы Жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметінде де анықталды. Басқарманың лауазымды адамдары мемлекет мүддесіне қайшы, жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскелерде коммерциялық мақсатта 11 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын келіскені анықталды. Осылайша, мемлекетке аталған жер учаскелерінің жалпы сомасы 760 млн теңгеден астам төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді.

«Барлығы 470-тен астам жер учаскесі тексерумен қамтылды. Жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасуда.

Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі, - деді ведомстводан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары