Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде Қазақстанда Ұлттық домбыра күні атап өтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2018 жылдың 13 маусымында қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні ретінде белгілеу туралы Президент Жарлығы жарық көрді. Сол жылы айдың алғашқы жексенбісі 1 шілдеге дөп келіп, елорданың «Қазақ Елі» монументі алдында жиналған екі мыңнан астам музыкант «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Сарыарқа» күйлерін орындаған еді.
Ел аузындағы аңыз бойынша әйгілі Шыңғыс ханға Жошының өлімін жеткізген де домбыра еді. Ал зерттеушілердің айтуынша, домбыра туралы алғашқы ғылыми деректер әл Фарабидің жазбаларында «тамбур» деген атпен кездеседі.
Әйгілі Өзбекәлі Жәнібеков жазбаларында қазақ домбырасы 9 пернелі болған деп айтылады. 2008 жылы Моңғолия археологтары Алтайдың сол елдегі бөлігінен біздің заманымыздың V ғасырына жататын көне аспап тауып, кейін оны зерттеген Қаржаубай Сартқожаұлы елге көшірмесін алдырған болатын. Түрколог ғалымның айтуынша, сол «ата домбырада» да 9 перне болған.
Қазақ жеріндегі балбал тастардың арасында домбыраға ұқсас аспап ұстап тұрған бейнелер де кездеседі. Үңгірлер мен сынтастарда, қыш мүсіндерде де домбыра ұстаған адам бейнесі жиі кездеседі. Осыларға сүйеніп, домбыраның тарихы 5 мың жылдан асады дейтін теория бар.
Сонымен бірге, ХХ ғасырда қазақ домбырасының 7 түрі қолданыстан шығып қалған деген деректер бар.
2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне арналған шарада сөз сөйлеп, осындай идея айтқан болатын.
«Бұл рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы. Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл -қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. «Өнер - ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы - қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу - қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз керек», - деген еді Мемлекет басшысы.