03.07.2023, 23:30

Асфальт зауытында өрт шығып, 10 тонна битум жанып кетті – Абай облысы

Фото: Абай облыстық ТЖД баспасөз қызметі
Тексеру жұмыстары басталды.

Абай облысындағы асфальт зауытында өрт шығып, 10 тонна битум жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 3 шілде күні «101» пультіне Ақсуат ауданы Шыбынды ауылында орналасқан асфальт зауытында өрт шыққаны жайлы хабар түсті. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті.

Құтқарушылар сол жерге келгенде зауыт аумағында битумды 3 бөшке өртеніп жатты. Отпен күрескен өрт сөндірушілер жарты сағат ішінде ауыздықтады. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ, - делінген ақпаратта.

Өрттің нақты неден шыққаны әзірге белгісіз. Тексеру жұмыстары басталды. Белгілі болғандай, өрт салдарынан 10 тонна битум жанып кеткен.