06.02.2017, 03:23

Шымкентте жолаушылар автобусы ғимаратқа соқтығысты

Шымкенттегі Түркістан көшесінің бойында жолаушылар автобусы ғимаратқа барып соқтығысты. Абырой болғанда, қоғамдық көлікте жолаушылар болмаған деп жазады Otyrar.kz.

Автобус жүргізушісінің айтуынша, соқтығыспастан бұрын көліктегі жылыту жүйесі істен шыққан. Ер азамат жолаушылардың бәрін түсіріп, автобусты жөндету үшін автопаркке апармақ болыпты. Алайда, жолда тежегіші де істен шығып, жүргізуші амалсыз ғимаратты барып соқанын айтып отыр.

Соңғы уақытта қоғамдық көлік жүргізушілерінің тәртібі Шымкенттегі ең жиі қозғалатын тақырыптардың біріне айналған. Автобустардың істен шығуы шешуге болатын мәселе болса, оны жүргізетін жүргізушілердің дөрекілігі өкінішке қарай қиынның қиынына айналып отыр деп жазады аталған басылым.

Шымкент қалалық Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, былтыр Шымкенттегі автопарктерден 6 автобус жүргізушісі тәртіпсіздігі үшін жұмыстан қуылыпты. Ал, жыл басталғалы бір жүргізуші жұмыстан кетіп, жүргізуші куәлігінен айрылған.