$ 495.2  522.34  4.94

«Сатқан үйінің ақшасы жоқ»: Грузияда кісі қолынан қаза тапқан қазақстандық журналистің сіңлісі тың деректерді бөлісті

Қайғылы оқиға 21 мамырда Кахетия аймағындағы Сагареджо қаласында болған.

Грузияда мамыр айында кісі қолынан қаза тапқан қазақстандық журналист Жанбота Төлегеннің сіңлісі күдіктіге тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Ботагөз Төлеген және қазақстандық НемолчиKZ қоғамдық қорының өкілдері Грузияға арнайы барып, баспасөз конференциясын өткізді. Қазақстандық журналистің сіңлісі өзімен бірге осы істі тергеуге қажет дәйектерді ала барды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы nur.kz-ке сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 21 мамырда Кахетия аймағындағы Сагареджо қаласында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, 60 жас шамасындағы ер адам қазақстандық әйелді доғал затпен ұрып өлтіріп, кейін денесін өзенге лақтырып жіберді деген күдікке ілінген.

Тергеу Грузияның Қылмыстық кодексінің 109-бабы (кісі өлтіру) бойынша жүргізілуде. Прокуратураның болжамы бойынша, ер адамның қылмысты жасауына әйелдің мүлкін иемдену ниеті себеп болған.

Грузиялық БАҚ-қа берген брифингте Ботагөзді қолдап бірге барған НемолчиKZ қорының өкілі Алмат Мұхамеджановтың айтуынша, Жанбота Төлеген Грузияда нәбәрі бір тәулік қана болған.

Ол 18 мамырда үйін сатып, түскен ақшаны қолма-қол долларға айырбастаған, 20 мамырда Грузияға ұшып кеткен, ал 21 мамырда қайтыс болған. Грузияның тергеу органы, прокуратура халықаралық заңнамаға сәйкес, адам өмірінің құнды екенін түсініп, күдіктіні тез тапты. Ол 28 мамырда ұсталған. Күдікті айыбын мойындады. Алайда біз келіспейтін бір нәрсе бар. Күдікті Жанботаны аффект жағдайында өлтіргенін мойындап отыр. Ботагөз әпкесі үйін сатып, Грузияға өте үлкен қолма-қол ақшамен кеткені туралы дәйектерді ала келді. Бұл долларға айналдырылған ақша жоқ, күдіктіден де, марқұмнан да табылмады. Күдікті ол ақшаны көрмегенін айтты. Ал біз тергеудің толыққанды жүргізілгенін қалаймыз. Біздің ойымызша, күдікті кісі өлтіруді алдын ала, Қазақстанда жүргенде ойластырған. Өйткені ол марқұмды мүлкін (үйін -ред.) сатып, ақшаны қолма-қол ұстауға көндірген. Ол ақшаның Грузияға кеден арқылы өткені туралы дәлелді ешкім сұратып жатқан жоқ. Ол жариялауға жататын үлкен қаражат. Қазіргі таңда тергеу күдіктінің аффект жағдайда кісі өлтіргені туралы нұсқаны ұстанып отыр. Ал бұл жерде басқаның мүлкін заңсыз иемдену, алаяқтық, қасақана кісі өлтіру баптары бойынша тергеу жүруі керек. Сонда айыпталушыға басқа қатаң жаза қолданылуы мүмкін. Сол үшін мұнда азаматтық іспен айналысатын тағы бір адвокат керек. Марқұмның денесін елге жеткізу, жерлеу рәсімі де көп шығынды талап етті. Күдікті қылмыстық жауапкершілікпен қатар азаматтық іс бойынша жауапқа тартылуға тиіс, - деді брифингте Алмат Мұхамеджанов.

Журналистің сіңлісі Ботагөз Төлегеннің сөзінше, әпкесінің денсаулығы сыр беріп жүрген. Күдікті Грузия азаматы әйелді Қазақстандағы үйін сатып, Грузияға емделуге келуге көндірген.

Мен оның Грузия заңында көрсетілген барлық қатал талап бойынша жазаланғанын қалаймын. Ол одан ақша талап етті, ол оны пайдаланды. Сөздің ашығы - ол оны ақша үшін өлтірді. Осыны дәлелдеуіміз керек. Бізге осыны дәлелдеу үшін Қазақстаннан, қоғамнан қолдау, көмек қажет, - дейді Ботагөз Жанбота.

Ботагөз Жанботаны Грузия тергеушілері жәбірленуші тарап ретінде мойындаған.

Кеше Ботагөз іс материалдарымен танысты, ол Қазақстаннан әкелген айғақтарын да ұсынды. Жанбота Төлеген мұнда (Грузияда - ред.) тек бір тәулік болған. Осы орайды пайдаланып, Грузия халқына өтініш айтқым келеді. Кахетияға жеткенше мүмкін жолда бір жерде дәмханаға тоқтаған шығар, мүмкін таксиде бірге жүргенде көрген Грузия азаматтары болса, ол ақшаны қайда жұмсағаны туралы қандай да бір ақпарат берсе, тергеуге жеңіл болар еді. Сондай-ақ, күдікті 22 мамыр күні көлік сатып алған. Көлікті сатқан адам немесе куәгерлер болса бірдеңе айтар, - дейді қоғамдық қор өкілі Алмат Мұхамеджанов.

Ботагөз Төлеген әпкесінің мүлкін қайтарып алу үшін азаматтық іс қозғамақ. Оның мүддесін сотта Кахетия аймағының заңгері Мари Зурабашвили қорғайды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары