Алматыда қоғамдық көліктегі жол ақысының бағасы қымбаттайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаулы жобасы Ашық НҚА порталында талқылауға ұсынылды.
Жобаға сәйкес, Алматы қаласы бойынша жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдау тарифтерін төлеу тәсіліне қарай жолақыны мынадай мөлшерде белгілеу ұсынылады:
төлемді ұялы байланыс операторының қызметі, көлік картасы немесе қосымшаны пайдалану арқылы қолма-қол ақшасыз төлейтін жолаушылар үшін жолақы 100 теңге тұрады; қолма-қол ақша төлеу кезінде бір реттік жол жүру бағасы 200 теңге болады.Қалалық мобилділік басқармасы тарифтердің көтерілуін соңғы он жылда көлік бағасына қарағанда тасымалдаушылардың шығыны айтарлықтай өскенімен байланыстырды.
Мәселен, дизельдік отынның құны бұрын литріне 90 теңге болса, қазір 300 теңгеге жуықтады. Ал газдың құны 33 теңгеден 108-ге қымбаттады.
«Бұл шығындар тасымалдаушылар шығынын субсидиялау көлемінде тікелей көрсетіледі. Мәселен, 2017-2022 жылдар аралығында субсидиялау көлемі 13,8 есеге, яғни 6,9 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін өсті. Биыл субсидиялаудың болжамды көлемі бекітілген тариф бойынша шамамен 85,5 млрд теңгені құрады. Осылайша, қоғамдық көлік тарифінің қазіргі құны сақталып тұрса, субсидия көлемі жылдан жылға артып, жергілікті бюджетке ауыр салмақ түсіреді.
Айта кетерлігі, биылғы тарифтерді есептеу әдістемесі бойынша тарифтің орташа құны 425 теңгені құрайды. Осыған орай, 2023 жылы тарифтің құнын қайта қарап, оны қолма-қол ақшасыз төлем үшін 100 теңге, қолма-қол төлем үшін 200 теңге етіп белгілеу қажеттілігі туындап отыр. Бұл ретте 2023 жылы субсидиялаудың болжамды көлемі 10 млрд теңгеден астамға қысқарады», - делінген түсіндірме жазбада.