Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакинаның Уимблдон турниріндегі екінші қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлемнің 47-ракеткасы, Франция өкілі Ализе Корне бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 127-орында тұрған жапониялық Нао Хибиномен өткізді.
Жаңбырға байланысты бір күн кейінге қалдырылған матчта А.Корне 6:2, 6:2 есебімен оңай жеңіске жетті. Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында ол 2 эйс жасап, 5 брейк-пойнтты түгел пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейктен аса алмады.
Е.Рыбакина – А.Корне матчы 6 шілде күні өтетін болады.
Лондонда жаңбырдың жиі жаууы кестеге өзгерістер енгізіп жатыр. Сол себептен Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Александр Бублик пен рейтингте 48-сатыдағы америкалық Джеффри Джон Волфпен кездесуі 6 шілдеге қалдырылды.