Қызылорда облысының екі ауданының тұрғынын кене шағып, конго-қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырды. Ауру өлімге әкелді, деп хабарлайды 24.kz.
Ауруханаға Жаңақорған ауданынан 77 жастағы ер адам, Шиелі ауданынан 51 жастағы ер адам жеткізілді. Ауруханаға келгенде екеуінің де жағдайы ауыр болған.
Кейін екі науқас қайтыс болды. Оларға Конго-қырым геморрагиялық қызбасы диагнозы қойылды.
"Әр жағдайды тіркеген кезде 12 сағат ішінде жеке аумақтарды, мал қоралары мен жануарларды дезинфекциялау жүргізіледі. Барлық байланыста болған адамдар 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Жалпы үш ай - мамыр, маусым, шілде кененің қауіпті түрлерінің белсенді болатын уақыты. Сондықтан облыс тұрғындарын сақтық шараларын орындап, шаққан жағдайда дереу дәрігерге қаралуын сұраймыз", - дейді Қызылорда облысы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.