Қазақстанның бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Александр Бубликтің Уимблдонның төртінші айналымындағы қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық теннисші әлемнің 7-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен ширек финалға шығу үшін таласады.
Қос спортшы бір-бірін жасөспірім кезінен жақсы біледі. Осыған дейін олар бес рет кездесіп, соның үшеуінде А.Рублев, екеуінде А.Бублик жеңген.
Қазақстандық спортшы жуырда Галле (Германия) ATP 500 турнирінің финалында ресейлікті 6:3, 3:6, 6:3 есебімен ұтқан еді.
А.Рублев Уимблдон жарысының үшінші айналымында рейтингте 123-орында тұрған бельгиялық Давид Гоффенді үш сағаттан астам уақытқа созылған матчта 6:3, 6:7 (6:8), 7:6 (7:5), 6:1 есебімен жолдан тайдырды.
А.Бублик пен А.Рублев 9 шілде күні ширек финал жолдамасын сарапқа салады.
Александр Бублик төртінші айналымға шыққаны үшін 207 мың фунт стерлинг (118 млн-дай теңге) табыс тапты.
Сенбі күні Қазақстанның әйелдер арасындағы бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина үшінші айналымда рейтингте 89-сатыдағы ұлыбританиялық Кэти Бултермен ойнайды. Мұнда жергілікті жанкүйерлер арасында корт иесінің барын салары сөзсіз.