11.07.2023, 12:20

Нұрлан Атығаев: Александр Невскийге ескерткіш орнатуда оғаш ештеңе көріп тұрған жоқпын

Мұндай жағдайларда ресми рұқсат берілмейді. Ескерткіш салу мәселесі біздің комиссияның құзыретіне жатпайды.

Skifnews.kz ақпарат порталының редакциясы тарих ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор, сондай-ақ Алматы қаласының Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі Нұрлан Атығаевтан сұхбат алған еді. 

- Орыс Православ шіркеуі Александр Невскийге арнап ескерткіш орнатады деген ақпарат жүр. Бірақ олар ескертіш орнатуға рұқсат алмапты, мұны қалай түсінуге болады?

- 2021 немесе 2022 жылдары Орыс Православ шіркеуі Алматы қаласының әкімдігіне биіктігі 5 метрлік Александр Невский ескерткішін қалалық қоғамдық аумақта салу бастамасымен жүгінді. Заңнама талаптарына сәйкес, Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия бұл мәселені бірнеше рет қарады. Егер қателеспесем, Православ шіркеуі өкілдерінің Александр Невскийге арнап ескерткіш орнатқысы келетін өтініштерінен 3 рет бас тартылды. Ал соңғы рет комиссия осы жылдың мамырында бас тартты.

Атап айтқанда, кейбір әріптестерім оның Алматы тарихына және жалпы Қазақстан тарихына қатысы жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар қала аумағында ескерткіштерді орнатуға арналған бос жер учаскелері де жоқ. Сондықтан бізде Қазақстанның кейбір тарихи тұлғаларына, мысалы, қазақ хандарына, батырларға және т.б. ескерткіштер әлі орнатылмаған, тіпті ескерткіш салу туралы Үкімет қаулылары шыққан тұлғалар да бар, алайда қаражат пен жер учаскелерінің болмауына байланысты ол ескерткіштер әлі қойылмады. Невский ескерткіші бойынша әріптестерім тарапынан өзге де ескертпелер айтылды. Ескерткіштің пропорциясы бойынша да шағымдар болғаны есімде. Осы себептерге байланысты бас тартылған еді. 

- Неліктен бұл жолы рұқсат берілді? 

- Менің білуімше, оларға іс жүзінде рұқсат берілмеді. Қазақстанның Православ шіркеуі бұл ескерткішті өз аумағында, яғни шіркеу ауласында орнатуға шешім қабылдады. Мұндай жағдайларда ресми рұқсат берілмейді. Ескерткіш салу мәселесі біздің комиссияның құзыретіне жатпайды.  Сонымен қатар бұл - өте кең таралған тәжірибе.

Әлі есімде, 2018 жылы Латиф Хамиди көшесіндегі монастырь аумағында Сенім, Үміт, Махаббат және олардың анасы Софияға ескерткіш ашылды. Бұл мүсіндерге де ешқандай рұқсат талап етілмеді. Яғни, оларды орнату Қазақстан заңнамасына қайшы келмейтінін атап өткен жөн. Бірақ бұл жағдайда бұл құрылымдардың тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесі жоқ екенін ескеру қажет.  

Қазақстан зайырлы мемлекет екенін және шіркеу істеріне араласпайтынын жақсы білеміз. Александр Невский - православиелік әулие. Сондықтан бұл тұрғыда шіркеу өз әулиесіне өз аумағында құрмет көрсетіп, ескерткіш орната алады.

- Тарихшы ретінде Александр Невскийдің жеке тұлғасын қалай бағалайсыз? Жалпы, оның Қазақстанға қандай қатысы бар?

– Менің тарихтағы зерттеп, зерделеп жүрген салаларымның бірі – Алтын Орда деген атпен танымал Жошы Ұлысының тарихы. Орыс жерлерінің тарихы сол кездегі супер держава – Алтын Орда тарихының бөлігі. Содан кейін, әрине, Алтын Орданың орыс княздіктерімен қарым-қатынасы империялық-вассалды болды. Орыс князьдерінің иеліктері белгілі болды. 

Александр Невский - сол кезеңдегі орыс тарихындағы ең ірі тарихи тұлғалардың бірі. Ол Ұлы Князьдіктің белгісін Бату ханның өзінен алды.

Айта кету керек, Александр Невский тіпті Ресейдің өзінде де олар әртүрлі көзқарас тұрғысынан зерделенуі керек. Бірақ ол өз діні үшін көп нәрсе жасады. Ол Ресейдің католик емес, православ болып қалуында шешуші рөл атқарды деген болжамдар бар. Сондықтан оны XVI ғасырда Орыс православ шіркеуі әулие ретінде канонизациялады.

Тарихи дереккөздердің нақты деректері болмаса да, Александрдың әкесі Всеволод - Владимир князі қыпшақ қызға  үйленген деген болжам бар. Сондай-ақ Александр Невскийдің анасы да қыпшақ хандарының отбасынан шыққан. Сондықтан оны «жиен» деуге болады.

Александр Невский сол кездегі орыс князьдерінің ең көрнекті дипломаты болды. Ол Алтын Орда билеушілерімен бейбіт және достық қарым-қатынасты дамытты. Оған Бату хан «Ұлы Герцог» атағын берді. Александр Невский Бату ханның сүйікті ұлы Сартактың досы және бауырына айналды деген нұсқа да бар. Бұл туралы, әсіресе, Лев Гумилев жазды. Дегенмен қазіргі тарихшылардың көпшілігі оны миға сыймайды деп санайды.

Бірақ орыс қолбасшысы Александр Невский ешқашан Алтын Ордаға қылыш кезенбегені анық. Керісінше, ол барынша достық, одақтастық қарым-қатынас орнатуға тырысты.  

«Орыс жылнамаларына» сәйкес, Новгородтың салық төлеу үшін жалпы халық санағына қарсы көтерілісі кезінде Александр Невский Алтын Ордаға құрмет көрсету үшін Ордаға жақтасты. Бұл орыстар үшін жағымсыз әрекет болғанмен сол кездегі дала державасының күшін ескерер болсақ, саяси көрегендік болғанын түсінеміз. 

Л. Н. Гумилевтің сөзімен айтқанда, ол Русьті Ұлы Даламен жақындастырған адам болды. Александр Невскийдің қолбасшы болғаны ешкімге құпия емес. Ол ондаған жыл бойы өз елінің батыс шекараларында көршілерімен қарқынды күрес жүргізді. Кейбір тарихшылардың пікірінше, атақты Мұз шайқасында орыстардың жеңісі Алтын Орданың күшті қолдауымен өтті. Бұл, басқалармен қатар, Католицизмнің Ресейде таралуын тоқтатуға көмектесті.

Сондай-ақ Ресейдің көптеген тарихшысы Алтын Орданың орыс мемлекеттілігінің қалыптасуына әсер еткенін мойындайды. Жалпы алғанда, тарихты Ұлы Дала мен Русьтің өзара қарым-қатынасы мен өзара түсіністігі туралы дұрыс түсінуіміз керек көптеген қызық дүние бар. 

- Демек, Алматыда Александр Невскийге ескерткіш орнатуды дұрыс деп санайсыз ба?

- Менің ойымша, біздің тарихымызда ескерткіштер қойылуы тиіс тарихи тұлғалар жеткілікті. Сондықтан Алматы әкімдігі жанындағы біздің комиссия қалалық қоғамдық аумаққа ескерткіш орнатудан бас тартып, дұрыс жасады деп санаймын.

Сонымен бірге мен Орыс Православ шіркеуінің өз аумағында, өз қаржысына орыс тарихи тұлғасының ескерткішін орнатуға қатысты оғаш ештеңе көріп тұрған жоқпын. 

Әрине, мен қазақстандықтар сияқты, Ресейдің Украинамен бүгінгі соғысын қолдамаймын. Бірақ сонымен бірге Ұлы Дала мен Ресей халықтарын, сондай-ақ онымен айналысқан нақты тарихи тұлғаларды жақындастыратын ортақ тарих бар. Мұндай адамдарға ескерткіштер қоюға болады және қажет деп санаймын. Мысалы, 2019 жылы Ресейде XVI ғасырда Қазақ хандығы мен Орыс мемлекеті арасындағы байланыстарды дамытуға үлкен үлес қосқан қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед Онданұлының құрметіне ескерткіш орнатылғаны белгілі. Мен жеке өзім осы ескерткіштің ашылу іс-шарасына қатыстым.

Сондай-ақ Қазақстандағы православ негізгі діндердің бірі екенін ескеру қажет. Тиісінше, Александр Невский православиелік әулие ретінде православиелік жерлестеріміз үшін өте маңызды тұлға. Білуімше, ескерткіште Александр Невский қарусыз, ал оң қолында діни белгі Иконы бар. Бұл ескерткіш орыс қолбасшысы Александр Невскийдің ескерткіші емес, православиелік әулие Александр Невскийдің ескерткіші деп айтуға болады. Отандастарымыз бұл айырмашылықты түсінуі керек.