13.07.2023, 23:30

Дәрігер қарбыздан уланудан қалай қорғануға болатынын айтты

Фото: botanichka.ru
Маман уланудың алғашқы белгілері білінген жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажет екенін айтты.

Бұл сауалға Денсаулық сақтау министрлігі ресми сайтында жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бақша дақылдары пестицидтермен емделген болса, бойына нитраттарды жинауға бейім болады. Егер адам құрамында осы заттектер көп қарбызды жесе, оның белгілері 4-6 сағаттан кейін біліне бастайтын көрінеді.

Егер нитраттармен уланған кезде ешқандай шара қолданылмаса, денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіру қаупі бар. Нитратпен улану белгілері: жүрек айну, диарея, іш ауыруы, дене қызуының көтерілуі, буындардың әлсіреуі, – дейді ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаменті Скринингтік бағдарламаларды талдау бөлімінің жетекшісі Гүлжан Конуршина.

Маман уланудың алғашқы белгілері білінген жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажет екенін айтты.

Дәрігерлер келгенге дейін науқас энтеросорбенттерді (мысалы, белсендірілген көмір) қабылдап, көп мөлшерде су ішуі керек, сонымен қатар тыныштықты қамтамасыз етіп, оның жағдайын бақылау қажет. Егер улану белгілері жүкті әйелдерде, қарттарда немесе 12 жасқа дейінгі балаларда байқалса, бірден жедел жәрдем шақыру керек, – дейді маман.

Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі өзіңізді және жақындарыңызды қарбыздан уланудан қорғау үшін келесі сақтық шараларын ұсынады:

қарбызды жемес бұрын сыртын жақсылап жуу;

суық суға жарты сағатқа салып қою;

қарбыздың қабығының жанындағы мәйегін жемеу, өйткені онда нитраттар ең көп мөлшерде жиналады;

қарбыздың құрамында нитрат бар-жоғын тексеру керек. Ол үшін оны жеудің алдында мәйегінен кесіп алып, бір стақан суға салып қою керек. Егер су лайланудың орнына қызғылт түске айналса, онда оның құрамында нитраттар көп екенін білдіреді;

қарбыз немесе қауын сатып алғанда, сыртының сызатсыз бүтін болуына назар аудару. Себебі жемістерді тасымалдау кезінде жиі лақтырады, ал қабығының жарығы арқылы бактериялар ішіне кіріп кетуі мүмкін, ал ұрылған жерлері көбіне қарбыздың мәйегінің қышқылдануына әкеледі;

сатып алған жерлерде жуылмаған жемістерді тұтынбаңыз және жеміс-жидектердің піскенін тексеру үшін ешқашан кесіп алмаңыз. Өйткені көп жағдайда лас пышақтар қолданылып, салдарынан жеміс мәйегіне ішек инфекцияларының қоздырғыштары түсіп, бактерия жұқтыру қаупі туындауы мүмкін;

жемісті кесер алдында сыртындағы кір мәйекке түсіп кетпеуі үшін оны алдымен ағып тұрған судың астында щеткамен ысқылап жақсылап жуу керек;

жемісті келесі күнге қалдырмай бірден жеп қойған жөн, өйткені шырынды мәйегіндегі қанттың көп болуы оны бактериялар үшін құнарлы ортаға айналдырады.

Егер қарбыз немесе қауын желінбей қалса, кесілген бөлігін тағамға арналған пленкамен жауып, тоңазытқышқа шикі азық-түліктен (мысалы, жұмыртқа, шикі ет) бөлек қою керек;

жемістің мәйегін қабығына дейін жемеген дұрыс, қарбыздағы нитраттар біркелкі бөлінбейді, олар қабығы мен жеміс сабағына көбірек жақын болады, сондықтан балаларға жемістің ортасындағы мәйегін берген дұрыс.