117 жыл бұрын (1906-1983) композитор, педагог, Қазақ КСР-інің халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ халық музыкасын жинақтаушы Латиф Абдулхайұлы ХАМИДИ дүниеге келді.
Ташкент халық ағарту институтын, Мәскеудің бірінші музыкалық техникумын, Мәскеу консерваториясы жанындағы татар опера студиясын бітірген.
Қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері болып, Қазақтың Петр Чайковский атындағы музыкалық училищесінде, Қазақ консерваториясында ұстаздық еткен. Композитордың Ұлы Отан соғысы жылдары жазған «Аттаныңдар майданға», «8-гвардия дивизиясының әні», «Батыр қыз», «Нүркен» әндері тыңдарманын қаһармандық сезімге бөледі. Ол қазақ музыкасына тұңғыш вальс жанрын енгізіп, «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндерін шығарған. Сондай-ақ оның әсем әуенімен ерекшеленетін вальстері, хорлары, симфониялық оркестр, халық аспаптар оркестрі үшін камералық-аспаптық шығармалары, қойылымдар мен кинофильмдерге арналған музыкалары бар. Композитор қазақтың опера өнерін өркендетуге де үлкен үлес қосып, «Абай», «Төлеген Тоқтаров», «Жамбыл» операларын, «Жамбыл мен Айкүміс» музыкалық пьесасын, «Балбұлақ» опереттасын жазды. Сонымен қатар «Домбыра үйрену мектебі» (Б. Ғизатовпен бірге), «Дирижерлік етудің негіздері» (Х. Тастановпен бірге), т.б. зерттеу еңбектері бар.
3 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.