Ақтөбе облысында 36 жастағы ауыл әкімін өлтірді деп айыпталған фермер сотталды, деп хабарлайды «Мой город» порталы.
Қылмыс 2022 жылдың 11 желтоқсанында Ақтөбе облысы Алға ауданы Сарықобда ауылдық округінде болған. Жанжал кезінде мас күйде болған шаруа пышақпен ауылдық округ әкімінің ішіне сұғып алған. Әкім ішкі қан кету салдарынан қайтыс болған.
Шаруа абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деп айыпталды.
Қылмыстық істі Алға аудандық соты қарады. Прокурор сотталушыны тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот оның шын жүректен өкінгенін, кәмелетке толмаған балаларының бар екенін, сондай-ақ жәбірленуші тарапқа 25 млн теңге моральдық шығынды өтегенін ескерді, - делінген хабарламада.
Дегенмен қылмысты мас күйінде жасағаны жазаны ауырлататын мән-жай болды.
Сот фермерді сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, - делінген хабарламада.