19.07.2023, 11:20

5 жасар қыздың өлімі: Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен кетті

Фото: sud.kz
Жоғарғы сот қызметтік тексеру жүргізіп, заңсыз үкім шығару фактісін анықтады.

Жақында Сарыағаш ауданында болған жантүршігерлік оқиға бүкіл елді шулатты. Сотты болған адам 5 жасар қызды зорлап, кейіннен айуандықпен өлтірген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қыздың өліміне кінәлі адам бұған дейін ауыр қылмыс жасағаны үшін он жылға жуық түрмеде жазасын өтеп шыққан екен. 

Кейіннен қылмыскер бостандыққа шыққан соң осы жылдың мамыр айында көршісіне ауыр дене жарақатын салғаны анықталды. Белгілі болғандай, екі тарап татуласқандықтан, қылмыскерге жеңіл жаза берілген көрінеді. 

Енді осы іске қатысты Жоғарғы сот қызметтік тексеру жүргізіп, заңсыз үкім шығару фактісін анықтады.

Жоғарғы сот тарапынан үстіміздегі жылдың мамыр айында кәмелетке толмаған қызды өлтірген күдіктіге қатысты заңсыз үкім шығару фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасын қызметінен босату туралы мәселе қозғалды, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, 14 шілдеде Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында аулада ойнап жүріп жоғалып кеткен 5 жастағы бүлдіршіннің өлі денесі ауылдасының үйінен табылғаны хабарланды.