20.07.2023, 07:00

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы

Фото: pixabay
Жалпы балаларға Астана қаласында хирургия, травматология, ортепедия, лор, күйік, нейрохирургия саласы бойынша оталар жасалады.

Кез келген мемлекеттің ертеңі – балалар. Сол себепті балалардың денсаулығы қашан да болмасын бірінші орында. Дегенмен, түрлі жағдайларға байланысты денсаулығы нашар балалар да жоқ емес. Бүгінде баласының басы ауырып, балтыры сыздаса, елордамызға ем алуға келетін аналардың қарасы көбейген. Өйткені, еліміздің басқа өңірлерімен салыстырмалы түрде қарағанда Астанадағы медицинаның қазіргі әлеуеті айтарлықтай жоғары. 

Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен елордаға өзге өңірлерден келіп ем алушы балалар туралы ақпарат алмасқан болатын.

Айтуларынша, бұл жолда Астана қаласы бойынша №2 қалалық балалар ауруханасының атқарып отырған ісі орасан зор. Астана қаласының №2 қалалық балалар ауруханасы Басқармаға қарасты хирургиялық көмек көрсететін жалғыз аурухана болғандықтан, басқа өңірлерден келіп ем алатын балалардың саны да көп. Мысалы, 2022 жылда барлық емделіп шаққан науқастардың саны 20 512 болса, соның 5 179 , яғни 25 пайызы ҚР басқа өңірлерінен келіп ем алды.

Шалғай жерлерден ем іздеп келушілердің көбі қандай мәселемен жүгінетінін де сұрастырдық. Өзге өңірлерден келетін науқастардың көбі хирургия, травматолоия, ортепедия, лор, күйік, нейрохирургия саласы бойынша ем алады екен.  Одан бөлек аз болса да басқа елдерден келіп ем алатындар да бар болып шықты. Атап айтсақ, шетелден келген науқастар саны 3-5 баланы құрайды. Барлық ота саны 11 000-ға жуық. 

Жалпы балаларға Астана қаласында хирургия, травматология, ортепедия, лор, күйік, нейрохирургия саласы бойынша оталар жасалады.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Раушан Арманқызының мәлімдеуінше, дәрігерлердің біліктілгі мен қымбат жабдықтарға қарамастан балаларға кей операциялар арнайы жолдама арқылы тегін де жасалып жатады.

Астана ҚР бас қаласы болғандықтан, жоғарғы білікті мамандар қызмет атқарады. Сондақтан күрделі оталардың барлығы біздің №2 қалалық балалар ауруханасында жасалынады. Отаға келетін науқастар МӘМС шеңберінде арнайы жолдамамен келеді, одан бөлек ақылы түрде келетін пациенттер бар. Ал шұғыл операциялар ТМККК аясында тегін жасалынады.

Дені сау ұрпақ – мәңгілік елдің болашағы. Дені сау баланың оқу-білімге, спортқа жалпы жаңашылдыққа деген құштарлығы зор болады. Ақылы асқан, білімі толысқан бүгінгі баладан ертеңгі күні елімізді алға жетелейтін білікті маман шығары сөзсіз.