28 сәуірі күні Түркістан облыстық ПД Төлеби аудандық полиция бөліміне Леңгір қаласында "Volkswagen Passat" автокөлігінің басқарушысы медициналық жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұрғаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Полицейлер масаң күйдегі жүргізушінің бұзақылық фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында сыра ішіп көлік жүргізген ер адам жедел жәрдем қызметкерін ұрған (ВИДЕО)
Оқиға орнына шыққан полицейлер ер адамның шақырту бойынша кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігіне көпірде жол бермегенін анықтады. Соның кесірінен екеуінің арасында жанжал туындап, салдарынан жедел жәрдем қызметкері дене жарақатын алған.
Полиция қызметкерлері заңға қайшы әрекеттерді тоқтатты. "Volkswagen Passat" жүргізушісі медициналық куәландыруға жеткізіліп, оның «жеңіл дәрежелі» мас күйі расталды.
Бұзақылық әрекеттері мен дене жарақатын салу фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігімен ("Бұзақылық") сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тергеу барысында жедел жәрдем жүргізушісі ешқандай шағымы жоқ екендігі туралы қарсы арыз түсірген.
25 маусымда тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс ҚР ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі және 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес тоқтатылған.
"Volkswagen Passat" жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (мас күйінде көлік басқару) мен ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі (жалған нөмірлері бар автокөлікті басқару) бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Көлік айыптұраққа қойылған.
20 шілдеде "Volkswagen Passat" жүргізушісі ұсталып, ол ӘҚБтК-нің жоғарыда аталған баптары бойынша жауапкершілікке тарту үшін сотқа жеткізілді.Ал бейнежазбадағы шақырту бойынша келген полицейге қатысты қызметтік тергеу жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша заңды шешім мен тиісті шаралар қабылданады, - делінген хабарламада.