Жаңа Зеландия құрамына кіретін Оңтүстік аралының жағалауына 400-ден астам дельфин шығып кетті. Бұл туралы Сhannel NewsAsia телеарнасы хабарлап отыр.
Тілшілердің хабарлауынша, осы жайт салдарынан 300-ге жуық дельфин өліп қалған. Су жануарларын құтқару үшін жергілікті құтқарушылар мен қарапайым тұрғындар күш салыпты. Соның нәтижесінде 100-ге жуық дельфин теңізге қайта жіберіліпті. Дегенмен, олар жағаға жақын маңда жүзіп жүр және суицидтік әрекеттерін қайталауы мүмкін.
Су сүтқоректілерінің мұндай әрекетке неліктен баратынын ғалымдар осы күнге дейін айта алмай келеді. Мұндай құбылыс белгілі бір уақыт аралығында қайталанып отыратынын айта кету керек.