24.07.2023, 09:40

Боксшы Бейбіт Шүменовке іздеу жарияланды

коллаж: stan.kz
Бұған дейін боксшының 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені хабарланды.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Бейбіт Шүменовке іздеу жарияланды. Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Шүменов Бейбіт. 2-күн іздестіріліп жатыр. Туған күні: 19.08.1983, жынысы: еркек, Қазақстан Республикасының азаматы, қазақ. Іздестіру ісі 22.07.2023 "Астана өңірде тіркелді". Бастамашы: ҚР ІІМ. Іздестіруді жүргізетін орган: Астана қаласының Есіл аудандық ПБ, - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Астанадағы ірі сауда және ойын-сауық орталығының фудкортында төбелес болып, қолында кішкентай баласы бар адамға екінші ер адам шабуыл жасағаны хабарланған еді.

Айта кетейік, Бейбіт Шүменов – танымал қазақстандық кәсіпқой боксшы. Мансабын 2007 жылы бастаған. 19 жекпе-жек өткізіп, 17-де жеңіске жеткен. 2 кездесуінде қарсыласына есе жіберген. 2017 жылы жарақатына байланысты мансабын аяқтаған.