24.07.2023, 17:20

«Бізге де «Әскери баспана» сияқты бағдарлама қарастырылса...»: өрт сөндірушімен сұхбат

коллаж: Azattyq Ruhy
Ермек Ысқақов жалақы артқанымен, қаражат пәтер сатып алуға әлі де жетпейтінін айтты.

Өрт сөндіруші өмірін қауіпке тігетініне қарамастан, қызыл жалынмен арпалысқа түскен батырлардың жалақысы мен тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазір өрт сөндірушілердің бастапқы еңбек жолындағы жалақысы шамамен 180 мың теңгені құрайды. Үш жыл бұрын қызметке енді кіріскен маман  65 мың теңге еңбекақы алатын. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап сала қызметкерлерінің жалақысы 10%-тен 70%-ке дейін көтерілді. Қатардағы құрамның айлығы 70 пайызға, ал басқарушы құрам – өрт сөндіру қызметі мен бөлім басшыларының еңбекақысы 10 пайызға артты. ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титовтың айтуынша, өрт сөндірушілердің жалақысы әлі де өсетін болады. Еңбекақы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандарының айлығымен теңестіріледі.

Бір өкініштісі, елімізде өрт сөндірушілерге ешқандай әлеуметтік төлем төленбейді. Мәселен, құтқарушыларға қауіпке бас тіккені үшін арнайы әлеуметтік төлем қарастырылған. Azattyq Ruhy тілішісі сұхбаттасқан Ермек Ысқақов жалақы мәселесінің шешіліп келе жатқанын айтады. Ол өрт сөндірушілерге арналған «Әскери баспана» сияқты арнайы бағдарлама қарастырылғанын қалайды.

Абай облысы Семей қаласының №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Азаматтық қорғау аға сержанты Ермек Ысқақов өрт сөндіруші болып бес жылдан бері қызмет етіп келеді. 2023 жылдың қаңтар айында ол Семей қаласындағы көпқабатты пәтерлердің бірінде болған өрт кезінде 5 жастағы баланың өмірін сақтап қалған. Оның сөзінше, өрт сөндіруші тек өртті ауыздықтауға ғана емес, өртте қалып қойған адамдардың өмірін де құтқаруы керек. Ол осы батырлығы үшін Президенттің қолынан «Ерлігі үшін» медалін иеленді.

- Ермек Ержанұлы, бұл қызметке қалай келдіңіз және осы мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?

- Әкем – өрт сөндіруші. Соның жолын қуып, өрт сөндіруші болдым. Әкем ұзақ жылдар бойы Бесқарағай ауданы Бекен ауылында өрт сөндіруші болып жұмыс істеді. 2006 жылы ауыл маңында үлкен орман өрті болды. Сол кезде әкемнің өртті ауыздықтап, өлім мен өмірдің арасында жан таласқаны менің кеудемде осы мамандыққа деген махаббатты оятты. Дәл сол оқиғадан кейін мен өрт сөндіруші боламын деп шештім. Орман өрті кесірінен біздің тұрып жатқан үйлеріміз өртеніп кетті. Үкімет ауыл тұрғындарына Семейден үй берді. Ауылдастырымызбен бірге біз де Семейге көшіп келдік. Кейін бала кездегі арманымды орындап, өрт сөндіруші болдым. Қазір Семей қаласындағы №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызмет етемін.

- Өрт сөндіруші – әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі. Осы мамандықты таңдағаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?

- Бастапқы екі жылда өз отбасымнан жырақта, аудандық бөлімде өрт сөндіруші болып қызмет еттім. Тұрғын үйге байланысты мәселе болды. Бірақ жақындарымның, достарымның моральдық қолдауының арқасында қиындықтарға төзе алдым. Расымен де, өрт сөндіруші – әлемдегі ең маңызды мамандықтардың бірі. Өйткені оның адамзатқа алып келетін пайдасы зор. Сондықтан, керісінше, осы мамандықты таңдағаныма қуанамын. Осы өрт сөндіруші болып қызмет атқарған 5 жыл ішінде мамандығым мені көп жаңа қабілеттерге үйретті. Физикалық шыдамды болуға, тез шешім қабылдауға, эмоционалдық интеллектімді дамытуға, сабырлыққа, жауапкершілікті өз мойныңа алуға баулыды десем болады.

- 2018 жылы Семей қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде болған үлкен өртті ауыздықтауға қатысып, 5 жасар бүлдіршіннің өмірін құтқарып қалдыңыз. Сол батырлығыңыз үшін Президенттің қолынан «Ерлігі үшін» медалін алдыңыз. Бұл оқиға қалай болды?

- 2023 жылы 2 қаңтар күні диспетчерге Шәкәрім көшесіндегі 9 қабатты үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт 5-қабаттағы пәтерлердің бірінде шыққан. Көршілері «101» нөміріне қоңырау шалып, көмек сұраған. Олар лаулап жатқан жалынның ортасында 5 жасар баланың қалып қойғанын айтқан. Мен кіргенімде, пәтерді көк түтін алып кеткен екен. Еденнен бүлдіршінді тауып, газдан қорғайтын маскамды балаға кигіздім. Бала түтін жұтып қойған, демалуы қиындап жатты. Өрттен алып шыққаннан кейін оған алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Одан кейін баланы жедел жәрдем көлігі алып кетті. Біз әрі қарай өрт сөндіруді жалғастырдық. Жиһаздар бүлінген, тұрмыстық техника, терезе блоктары өртенген.

- Әдетте әріптестеріңіз осындай тұрғын үйде болған өртті сөндіру қиынырақ болады деп айтып жатады. Қандай қиындықтар бар?

- Тұрғын үйлерден өрт шыққан кезде өртті сөндіруде шынымен де бірқатар қиындықтар бар. Бізге оқиға орнына кіру қиын болады. Өйткені, көп азаматтар көліктерін тұраққа дұрыс қоймайды. Осының кесірінен біз уақыт жоғалтамыз. Содан кейін жоғары қабаттарда өрт болған кезде өрт болып жатқан жерге жетудің өз қиындықтары бар. Есік жабық болуы мүмкін. Терезеден кіреміз.

- Тілсіз жаумен арпалысқа бара жатқан кезде қатты қорыққан кезіңіз болды ма?

- Әрине адам болғаннан кейін қорқыныш сезімі болады. Диспетчерлер өрттің ауқымын, ішінде адам бар-жоғын бізге ескертеді. Біз сол кезде өзімізді эмоционалды тұрғыдан дайындаймыз. Ең бастысы – қорқынышқа бой алдырмай, бар назарды іште қалып қойған адамдарды құтқаруға, өртті сөндіруге аудару керек. Өрт сөндіруші үшін ең қажет қасиет – эмоционалды интеллект. Өрт сөндіруге барардың алдында біз толық ақпаратты сұрап аламыз. Жарылғыш заттар бар ма, жоқ па? Не жанып жатыр? Содан кейін әрекетіміздің алгоритмін жасап алып, сол алгортимге сай әрекет етеміз. Тағы бір маңызды дүние – қауіпсіздік техникасы ережелері. Егер қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтап, сақтықпен, алгортимге сай әрекет етсе, өрт сөндірушіге төнетін қауіпті барынша азайтуға болады.

- Өрт сөндірушілерге ортақ проблема бар ма? Жалақы, баспана мәселесі шешілген бе?

- Жалақымыз осы қаңтар айынан бастап 60%-ға көтерілді. Соның өзінде өрт сөндірушінің жалақысы пәтер сатып алуға жетпейді. Жылда көтеріледі деп айтып жатыр. Баспанаға байланысты мәселе бар. Пәтерден пәтерге көшіп жүру оңай емес. Өлім мен өмірдің арасында қызметтік борышын өтеп жүрген өрт сөндірушілерге арналған «Әскери баспана» сияқты бағдарлама болса дейміз.

- Сұхбатыңызға рахмет!