25.07.2023, 13:00

Бейбіт Шүменов істеген әрекеті үшін жауап береді – министр

Фото: gov.kz
Кінәсі дәлелденсе ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Үкімет отырысынан кейін кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтің айналасындағы шуға қатысты түсінік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Шүменов туралы мынаны айтамын, қазір құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Ішкі істер министрлігі пікір білдіріп те қойды. Ресми қорытындыдан кейін қосымша түсінік білдіре аламыз. Ол іс қазір құқықтық алаңда қаралып жатыр. Осыған байланысты бірнеше баспасөз хабарламасы да шықты, - деді Асхат Оралов.

Ведомство басшысы заң алдында бүкіл қазақстандықтың құқығы мен міндеті бірдей екенін еске салды.

Бұл – құқықтық алаң, әр адам кәсібіне, қызметіне қарамастан, өз сөзі мен әрекеті үшін жауап береді, оның үстіне жеке өмірі болса. Сондықтан ол өз әрекеті үшін құқықтық алаңда жауап береді, - деді министр.

"Бейбіт Шүменовке осы жағдайдан кейін Қазақстан аумағында спортпен айналысуға тыйым салына ма?", - деп сұрады журналист.

Асхат Оралов қазір бұл іспен құқық қорғау органдары айналысып жатқандықтан әзірге киліге алмайтындарын айтты.

Құқық қорғау орандарының жұмысынан кейін, қорытындысы шыққаннан кейін пікір білдірейік. Соттың тиісті шешімі шығады, содан кейін ғана түсінік бере аламын. Қазір біз киліге алмаймыз, - деді министр.

Айта кетейік, маусымның 18-і күні Астанадағы ірі сауда орталығында төбелес болып, Шүменов қолында баласы бар ер адамды соққыға жыққан. Кейіннен бұл жекпе-жекке қазақстандық кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтің қатысы бар екені белгілі болды.

Жәбірленушілер қылмыстық заңбұзушылықтың жоқтығынан "істі тежеуге жіберген" полицейлердің үстінен шағымданған. Оқиға жұртшылыққа жария болған соң полиция қайтадан тергеу жүргізіп, істі жауып тастаған полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру тағайындалған еді.

Кінәсі дәлелденсе ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.