Қызылорда облысы Шиелі ауданында 22 жастағы бойжеткенді өлтірді деген күдікпен учаскелік полиция қызметкері ұсталды. Дана Алтынбекқызы түнгі сағат екілер шамасында үйінен шығып кетіп, арада төрт күн өткенде ауданнан жиырма шақырым жердегі көлшіктен денесі табылған, деп хабарлайды «7 арна».
Туыстарының айтуынша, марқұм қыздың денесін екі қолы арқандап, аяғына қосып байлап қойған күйінде әкелген. «Азаптап айуандықпен өлтірген» дейді олар. Сондай-ақ, жақындары «түрі адам танымастай күйге жеткен, тек киімінен ғана таныдық» деп отыр. Ал, ең сұмдығы сол, басты сезікті полиция майоры болып шыққан.
— Қайғылы қазаны әдейі қаскөйлікпен, зорлықпен, айуандықпен өлтірген ІІБ майоры Доланбеков Бауыржан Кенбайұлы болып шықты. Еліміздің халқымыздың мүддесін құқығын қорғаудың орнына қорлайтын осындай ІІБ қызметкерлері әлі де болса арамызда бар, — дейді Дананың әпкесі Бибайым Әбуова.
Қыздарының қазасынан есеңгіреген жандардың «кінәлі адам әділ жазасын алса» деген жалғыз ғана тілегі бар. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оның үстінен «қасақана кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
— Қылмыстық іс бір тәулік ішінде ашылып, бұл қылмысқа полиция қызметкерінің қатыстылығы анықталып, оған бұлтартпау шарасы ретінде Шиелі аудандық сотымен қамауға алынды, — дейді облыстық прокуратураның екінші басқарма бастығы Ерлан Қожанов.