26.07.2023, 11:40

Алматы әкімі қызметінен кету туралы сұраққа жауап берді

Фото: gov.kz
Мен көтерілген мәселелерді қадағалаймын, уәде беріп қана қоймай, үлкен жұмыс атқарамыз.

Алматы әкімі Ерболат Досаев өзінің отставкаға кетуін талап еткен петицияға қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкіммен кездесуде қала тұрғыны 57 мың алматылық оның отставкаға кету туралы петицияға қол қойғанын айтып, «Неге осы кісілердің сөзін тыңдап, орныңызды босатпайсыз?» - деп сұрады.

Ерболат Досаев «Алматыда 2 миллионнан астам адам тұрады» деп жауап берді.

Оның айтуынша, петицияға қол қойған 57 мың адамның ішінде тегі мен ЖСН-і жоқ адамдар да бар.

Мүмкін бот-фирмалар бұл жерде де жақсы жұмыс істейтін шығар. Петицияны қарап отырмын, қол қойғандардың ішінде ЖСН, тегін көрсетпегендер де бар. Мен көтерілген мәселелерді қадағалаймын, уәде беріп қана қоймай, үлкен жұмыс атқарамыз. Қала - бұл тірі механизм, күнде бір нәрсе болады. Әкім ретінде сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды. Бірақ мені бұл қызметке Мемлекет басшысы тағайындады, шешімді де ол кісі қабылдайды, — деді Алматы әкімі.