28.07.2023, 05:30

Шаруа егіс алқабына кірген жылқыларды атып тастаған

Фото: Pixabay
Атылған оқтан тағы екі жылқы жарақаттанған.

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны егіс алқабына кірген екі жылқыны атып тастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 24 шілде күні Теректі ауданы Ұзынкөл ауылы маңында болды.

«Шамамен сағат 17.00-де 1968 жылғы тұрғын өзінің егістік алқабында тіркелмеген мылтықпен екі жылқыны атып тастаған. Соның салдарынан 1961 жылғы тұрғынға 1,2 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Аталған дерек бойынша 25 шілде күні Теректі ауданы полиция бөлімі ҚР ҚК 202-бабы 1-бөліміне (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) сәйкес қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Соның барысында хаттамамен 1968 жылғы тұрғыннан 16 ұңғылы мылтық алынып, БҚО полиция департаментінің жедел криминалистикалық басқармасына зерттеуге жіберілді. Мылтықты заңсыз сақтағаны үшін аталған азаматты әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін материал жергілікті полиция қызметі бөліміне жолданды», - деп хабарлады ведомстводан.

Ауыл тұрғыны Ғаділ Сарбаевтың айтуынша, жылқы «Қарабұлақ» шаруа қожалығына тиесілі. Қожалық інісі Марат Сарбаевтың атында.

«Атылған оқтан тағы екі жылқы жарақаттанған», - деді Ғ. Сарбаев.