31.07.2023, 03:30

Қостанайда қола дәуіріне тиесілі бекініс табылды

Фото: Хабар 24
Бұл бірегей ескерткіш. Қазақстанда оған ұқсас басқа қоныс орны жоқ.

Қостанайлық археологтар қола дәуіріне тиесілі бекініс орнын зерттеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымдар Ресей шекарасына жақын Денисов ауданында бірнеше жыл бойы қазба жұмыстарын жүргізді. Мамандар ежелгі адамдардың үйлерін, шаруашылық нысандары мен құдықтарды зерттеп, жаңа жәдігерлер тапқан.

Бұл биылғы архелогиялық маусымда табылған жәдігерлердің бір бөлігі ғана. Мұнда қыш ыдыстар, тоқыма бұйымдары мен металдан жасалған заттардың қалдықтары бар. Олар Синташта және Петров дәуіріне тиесілі. Бұйымдар шамамен төрт мың жыл бұрын қолданыста болған. 

Бұл бірегей ескерткіш. Қазақстанда осыған ұқсас қоныс орны жоқ. Отандық археология үшін алғашқы металлургтердің ескерткіші деп ойлаймын. Әр үйде пеш, құдықтар болған. Бұның бәрі металлургиямен байланысты. Ежелгі адамдар металл балқытуды меңгеріп алған, - дейді А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ археология зертханасының ғылыми қызметкері Ирина Шевнина. 

Қамысты қонысы туралы алғашқы мәліметтер 90-шы жылдары пайда болды. Ирина Шевнина мен Андрей Логвин жетекшілік ететін ғалымдар тобы бұл ескерткішті үш жыл бойы зерттеп келеді. Маусым сайын қазба жұмыстары 50 күнге созылады. Дәл осындай қоныс Оңтүстік Орал аумағында бар. Ал әлем бойынша олардың саны 30-ға жуық. 

Аумағы үлкен қоныстың бетін аршып алдық. Зерттеу жалғаса береді. Себебі жиналған материалдарды өңдеу керек. Конструкциялық элементтер мен жәдігерлердің өзара байланысын анықтауымыз қажет. Зерттеу бағдарламасы үш жылға созылады. Облыстық мәдениет басқармасы тарапынан қаржылық қолдау бар, - дейді А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ археология зертханасының меңгерушісі Андрей Логвин. Археологтардың айтуынша, көне ескерткіш апатты күйде. Бір бөлігі қоқыс астында жатса, екінші бөлігінде картоп алқаптары болған. Ғалымдар зақым келмеген учаскелерін тауып, зерттеуге тырысқан.