Түркияда шағын автобус пен жүк көлігінің соқтығысуынан зардап шеккен 12 қазақстандықтың екеуінің жағдайы орташа ауыр, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігі.
Қазақстандық консул жол апаты болған Алания аймағына жол тартты. Ол жарақат алған туристердің жағдайын білу үшін ауруханаға барды.
Зардап шеккен екі қазақстандыққа ота жасалды. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Қалған 10 отандасымыздың, оның ішінде төрт баланың жағдайы қанағаттанарлық. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Барлығының медициналық сақтандыруы бар, - делінген хабарламада.
Қазақстандық туристер мінген экскурсиялық шағын автобус 30 шілде күні Аланияда жүк көлігімен соқтығысты. Жол апаты кезінде екі адам - жүргізуші мен гид көз жұмды. 12 адам зардап шекті.