Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улану дерегі тіркелді. Бір бала қайтыс болып, тағы 6-уы жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 30 шілдеде екі бала өзін нашар сезінген. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылды.
Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бір баланы құтқару мүмкін болмады. Бүгінгі таңда алты бала реанимацияда. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында, - деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келді. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді.
Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді.
Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде заңның барлық қатаңдығы бойынша жауапты тұлғалар анықталып, жазаланатынын атап өтті. Мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен шеттетілді.