ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі Қарағанды облысында балалардың жаппай тамақтан улануына байланысты тергеу басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
31.07.2023 жылы балалардың тамақтан улану фактісі бойынша «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ ҚР ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорларының бақылауына қабылданды, - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ онда тергеуге құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны айтылған.
Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу шеңберінде жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады.
Елімізде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеме бар (37 балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 47 балалар үйі, сондай-ақ 2959 баланы қамтитын отбасын қолдау орталықтары).
Сонымен қатар, Бас прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдар мен аумақтық прокурорларға аталған мекемелерді кешенді тексеруді ұйымдастыруды тапсырды.