Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің өкілдері акциздік төлемсіз астыртын сатуға арналған 2 млн аса шетелдік темекі қораптары сақталған қойманы тапты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтергеқарағанда, тергеп-тексеру барысында темекі өнімдерінің құны 1,3 млрд теңгені, ал төленбеген акциз соммасы 580 млн теңгені құрайтыны анықталды.
Қылмыстық іс сотқа жолданып, темекі өнімдері ел аумағында сатуға жарамсыз болғандығына байланысты (техникалық талаптарға сәйкес келмеуі) жойылды.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі ел азаматтарының денсаулығына орны толмас зиян келтіретін қылмыстарды анықтау және жолын кесу жөніндегі белсенді жұмысты жалғастыратын болады.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі, - делінген хабарламада.