Павлодар облыстық Еңбек басқармасының басшысы 1 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық Павлодар облысындағы департаменті Еңбек басқармасының басшысы Е.Асқаровты пара алды деген күдікпен ұстады. Ол өзінің қоластындағы қызметкері арқылы "Павлодар жеңіл конструкциялар зауыты" ЖШС басшысынан 1 миллион теңге көлемінде пара алған. Бұл ақша үшін басқарма басшысы зауыттағы жұмысшы тап болған оқыс оқиғаға көз жұма қарауға уәде беріпті", - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда Е.Асқаров Павлодар қаласындағы уақытша ұстау абақтысына жабылған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ерғали Асқаров Павлодар облыстық Еңбек басқармасының басшылығына 2015 жылдың 26 мамырында тағайындалған.