Шымкентте 3 тамыз күні түнгі сағат 2-де көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты. Түн жарымда түтін иісі мен қызыл жалыннан оянған тұрғындар өрт салдарынан дөнер дайындайтын дәмханадағы газ баллондары жарылып кете ме деп қорыққанын айтады. Тұрғындар өрт қауіпсіздігіне салғырт қарағандардың үстінен құзырлы органдарға шағымданбақ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Түркістан көшесінде орналасқан 2/2 үйден түнгі сағат екілер шамасында өрт шыққан.
Бірінші қабаттың барлығын бизнес нысандары иемденіп алған. Онда өрт қауіпсіздігі сақталатындығына кім кепіл?! Түн жарымда өрт сөндірушілер өртеніп жатқан бизнес нысандарына кіре алмады. Барлығы темір есіктерін жауып кетіп қалған, әрине. Өртті дер кезінде сөндіруге бұл да кедергі. Үйге жапсарлас дөнер дайындайтын дәмхана орналасқан. Ол қаншалықты заңды? Тұрғын үйге қауіпті емес пе? Олар фастфудты газ баллондарымен дайындайды екен. Өрт шыққанда 4 газ баллоны шығарылды. Газ баллондары жарылғанда не болар еді? Бала-шағамыздың, отбасымыздың өміріне, қауіпсіздігіне алаңдап мыңдаған тұрғын түн жарымда далада жүрдік, - дейді өрт шыққан үйдің тұрғыны Жанна Байдыбекова.
Тұрғындар өртенген көп қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатын тұтас басып алған бизнес нысандарының жабылуын талап етіп отыр.
Біз, Түркістан көшесі 2/2 үйдің тұрғындары бірінші қабатта орналасқан бизнес обьектілерінің жабылғанын қалаймыз! Қыс бар, жаз бар, газ баллонымен тамақ әзірлейтін дәмханада жарылыс болмайды деп кім кепіл бола алады?! Өрт қауіпсіздігі мен адам өмірі маңызды,- дейді тұрғындар.
Болған жайтқа пікір білдірген Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрттің себебі анықталып жатқанын хабарлады.
Шымкент қаласы ТЖ департаментінің "101" диспетчерлік пультіне 2023 жылғы 3 тамыз сағат 02.06-да Әл-Фараби ауданы Түркістан көшесі бойында өрт орын алғандығы туралы хабаралама келіп түсті. Өрттің жалпы көлемі 21 шаршы метрді құрады. Өрт сағат 02:27-де оқшауланып, сағат 02:46-да толығымен сөндірілді. Кауіпсіз жерге 9 адам шығарылды. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда,- делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, өртті сөндіруге ТЖД Өрт сөндіру қызметінің 24 қызметкері мен 6 техникасы жұмылдырылған.