Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов «Дикий Арманның» оң қолы, «Нойс» есімімен белгілі Нұржан Иманәлиевті танымайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еске сала кетейік, өткен айда ІІМ «Дикий Арманның» қылмыстық тобының 80-нан астам мүшесі ұсталғаны жөнінде ақпарат таратқан еді. Бірақ олардың қатарында белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі Нұржан Иманәлиевтің жоқтығын алға тартқан. Ведосмство оның қоластындағылар ұсталғанымен, өзі әлі халықаралық іздеуде жүргенін нақтылаған.
Бүгін журналистер үкімет кулуарында Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтан Нұржан Иманәлиевтің ұсталған-ұсталмағанын сұраған. Алдымен министр «тергеу жүріп жатыр, ұсталды» (Иманәлиев жайлы) деген. Алайда екінші жауабында Иманәлиевті танымайтынын айтты.
Мен қазір қателесуім де мүмкін. Сіздер кімнің ұсталғаны жайлы сұрап тұрғандарыңызды білмеймін. Сіздер сұрау жолдаңыздар. Иманәлиев деген фамилия маған ештеңе айтпайды. Мен бір топты қазір шатастыруым мүмкін. Түсініңіздер. Келіп біреудің фамилиясын айтасыздар. Мен оны қайдан білем!? Иманәлиевтің кім екенін де білмеймін. Ол сіздерге танымал шығар. Маған қылмыскерлердің бәрі бірбеткі (?), - дейді Ахметжанов.
Еске салайық, «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев былтыр 7 қаңтарда ұсталған болатын.