$ 494.87  520.65  4.91

Қазақы тазылар тарихта тұңғыш рет Дүниежүзілік иттер көрмесіне қатысады

Мемлекет басшысы тазыны халықаралық деңгейде дәріптеу қажет екенін айтты.
Фото: ҚазАқпарат
Фото: ҚазАқпарат

21-27 тамыз аралығында Женева қаласында Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) Бас Ассамблеясы өтеді. Ассамблея аясында өтетін ең беделді иттер көрмесі - 2023 жылғы әлем чемпионатына (World Dog Show 2023) Қазақстаннан екі тазы Астанадан шағын автобуспен аттанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Кинологтер одағының (ҚКО) ақпаратынша, қазақстандық тазы иттер тарихта тұңғыш рет осындай әлем чемпионатына қатысуда. Айта кету керек, бұған бастамашы болған – халықаралық аренада елдің таза тұқымды иттерін насихаттаумен белсенді айналысатын отандық кинологтер одағы.

«Қазақы тазы тарихта алғаш рет Еуропалық одақ елдерінің дүниежүзілік көрмесіне қатысатын болды. Осы жолда үлкен жұмыс атқарылды. Біз Бельгиядағы FCI-мен арада (Халықаралық кинологиялық федерация) бірқатар келіссөз жүргіздік. Биыл сәуір айында Қазақстан кинологтері одағының өтініші бойынша, Kazakh Tazy тұңғыш рет Халықаралық кинология федерациясында ит тұқымдарының номенклатуралық тізіміне енгізілді. Біздің ұсынысымыз FCI тарапынан қолдау тапқанына өте қуаныштымыз», - деді Қазақстан Кинологтер одағының президенті Бауыржан Серікқали.
Сондай-ақ 21-22 тамыз күндері өтетін Халықаралық кинология федерациясының бас ассамблеясында Қазақстанды осы ұйымның толық құқылы мүшесі ретінде тану мәселесі қарастырылатыны атап өтілді.

Еске сала кетсек, наурыз айының соңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тазы иттердің көрмесін тамашалады. 
Мемлекет басшысы тазыны халықаралық деңгейде дәріптеу қажет екенін айтты.
– Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуы қажет. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық керек. Бұл маңызды іс кәсібилікті талап етеді. Сол үшін арнайы заң қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері жөніндегі ҚР Заңы 1 шілдеде күшіне енді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары