Жамбыл облысының Көксай аңғарында орын алған қар көшкіні салдарынан 7 сарбаздың көз жұмғаны белгілі болды. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК-нің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлімдеп отыр.
"Өкінішке қарай әзірге 7 сарбаздың мәйіті табылды", - деді Р.Иманқұлов тілшілерге берген сұхбатында.
Құтқарушылар 10 сарбазды қар астынан аман алып шыққан. Қалған адамдарды іздеу шаралары әлі жалғасып жатыр. Қар көшкіні барлығы 20-дан астам сарбазды басып қалған болатын.
Айта кетейік, қайғылы оқиға бүгін сағат 13:15 шамасында Жамбыл облысы Көксай аңғарында орын алды. Арнайы жаттығуда жүрген 91678 әскери бөлімінің сарбаздары қар көшкінінің астында қалған. Оқыс оқиға туралы хабарды сол маңдағы орманшылар жеткізіпті.