Абай облысында полицейлер мас күйінде көлік айдаған жасөспірімді қуды. Полицейлер ВАЗ жүргізушісінен тоқтауын талап еткен. Алайда жас жігіт жылдамдықты арттырып, жасырынуға тырысқандықтан, оның артынан қууға тура келген, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Жүргізуші автокөлік қозғалысын 20 минут бойы жалғастыра берген.
Инспекторлар қызметтік УАЗ-бен жолды жауып, көлікті тоқтата алды.
Тізгінде 17 жасар жасөспірім мас күйінде болған. Жасөспірім ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол үшін ата-анасы жауапкершіліктен босатылмайды, - делінген хабарламада.